«Ватцап» мессенджері арқылы Түркістан облысының аумағында болған, жол-көлік оқиғасы орнынан түсірілген бейнежазба таралуда. Аталған бейнежазбаны тексеру барысында, жол-көлік оқиғасы 14 сәуірде Түркістан-Кентау тас жолы Оранғай ауылының бойында орын алғаны анықталды. Яғни, «Хово» маркалы ауыр жүк көлігінің жүргізушісі рульді басқара алмай, аударылып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер мен құрбандар жоқ — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі, Оранғай ауылының тұрғынына қатысты екі баппен әкімшілік хаттама толтырылды. Олар: ҚР ӘҚБтК-нің 614-бабы «Көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасау» және 630-бабы «Жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылыстарын бүлдіру».
Сонымен қатар, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерді жол ережесін бұзбауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың соңы қалпына келтірілмейтін зардапқа әкелуі мүмкін. Есіңізде болсын: жол қателіктерді кешірмейді!
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




