Түркістан облысында ақпан айының 15-сі мен 19-ы күндері аралығында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Негізгі мақсат – Қазақстан Республикасына келу, болу және Қазақстан Республикасынан кету Ережелерінің сақталуын қадағалау, Түркістан облысы аумағында болу мерзімі өтіп кеткен шетелдіктердің құқықтық мәртебесін реттеу, визалар, жұмысқа рұқсат беру, сондай-ақ әкімшілік заңнаманы бұзушыларды анықтау болып табылады — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Аталған іс-шараның 2 тәулігінде облысымыздың аумағында барлығы – 242 шетелдіктер мен ҚР-сы азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде: 141-і шетелдік, 87-сі ҚР азаматтары. Аталған құқық бұзушылардың 45-іне әкімшілік айыппұлдар салынып, 87-сіне ескерту берілген. Өзге елдің 27 азаматы сот шешімімен ел аумағынан шығарылды.
Шетел азаматын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен – 87 тұлға, сондай-ақ шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланған – 14 Қазақстан Республикасының азаматтары анықталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 518 және 519 — баптарының талаптарын бұзғандары үшін әкімшілік жауапкершілік қаралды.
Сонымен бірге «Мигрант» профилактикалық іс-шарасы барысында заңсыз көші-қонды ұйымдастырудың 2 дәйегі анықталып (ҚР ҚК-нің 394-бабы), қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетсек, «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы ақпан айының 19-ына дейін жалғасын табады.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




