Коронавирус індетіне байланысты елімізде карантин енгізілгені баршамызға белгілі. Десек те, облыс тұрғындары ағайын-туыс, дос-жарандарын шақырып, ұлан-асыр той жасауларын тоқтатар емес. Карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында құрылған арнайы мобильдік топтар осындай олқылықтарды дер кезінде анықтап, той-жиындарға жиналған көпшілікті тарқатуда. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Сарыағаш АПБ-ның қызметкерлері сағат 14:30 шамасында Сарыағаш қаласы арқылы өтетін Шымкент-Жетісай тас жолының бойында орналасқан тойханада «Қыз ұзату» тойы өтіп жатқанын анықтаған. Тойға 90-ға жуық адам жиналған. Мобильдік топ мүшелері жиналған жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойды тоқтатқан.
Жалпыға ортақ шектеу шараларын сақтамауымен қатар, карантин талаптарын елемеген тойхана әкімшісіне және той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу» бойынша іс-құжаттар жинақталды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті органға, яғни Сарыағаш аудандық СЭББ-ға жолдады — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанған жөн.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




